Ұлттың ұлы мерекесі

Ағымдағы жылдың 5-желтоқсаны күні Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасы оқытушылары ф.ғ.к., қауымд. профессор Ш.А. Нұрмышева, ф.ғ.к., доцент Ж.Қ. Дәркенбаева, ф.ғ.к., доцент Ж.С. Көпбаева, п.ғ.м., аға оқытушы Ғ.Ж.Тұңғатова, п.ғ.м., аға оқытушы Хамимульдиновалардың  ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай шығыстану факультеті орыс бөлімі 1 курс студенттерінің арасында «Бабаларым аңсаған тәуелсіздік» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті. Айтулы кеш кафедрамыздың меңгерушісі ф.ғ.к., профессор Б.Қ.Аққожина кіріспе сөзімен басталды.

Ұлтымыздың ұлы құндылығы тәуелсіздігімізді ұлықтай отырып, патриоттыққа баулу мақсатында өткізілген бұл іс-шарада білімгерлер арнайы қабырға газеттерін шығарып, тәуелсіздік өрнектеріне қатысты жалынды өлеңдер оқыды. Желтоқсан оқиғасы жөнінде бейнефильм көріп, тарих толқынына көз жүгіртті.

Тәуелсіздіктің ұлтымыз үшін оңай келмегендігі, ұлы ерліктің нәтижесі екендігі білімгерлер санасына ұялады. Тәуелсіздік алғаннан бері 32 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері жөнінде өздері дайындаған слайдтар бойынша ел еңсесін көтерген оқиғалар жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті.  Егемен атанған жылдарда болып өткен тарихи жағдайларға байланысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, біраз мәліметтерге қанықты. Кеш соңында кафедра оқытушылары мен білімгерлері «Атамекен» әнін бірге тебірене шырқады. Мерекелік іс-шара қызықты өтіп, көтеріңкі рухта аяқталды.

Печать