5-ШІ КОРЕЙТАНУ АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚОНАҚ ДӘРІСТЕРІ

30 қараша және 1 желтоқсан күндері Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде 5-ші Корейтану апталығы аясында Шығыстану факультетінің корей бөлімінің 1-4 курс студенттеріне арналған қонақ дәрістері өтті.

30 қарашада шығыстану факультетінің корей бөлімінің түлегі, қазіргі уақытта Alash Industrial Maintenance Services (AIMS) ЖШС атқарушы директоры, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ корей бөлімінің түлектері қауымдастығының төрағасы Шайкенов Асхат Талгатбекович «Аудармашы жұмысының ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқыды,    қатысып отырған студенттерге аудармашының қызықты, бірақ қиын жұмысы, қиыншылықтары мен ауызша аудармашылар жұмысының ерекшеліктері туралы айтты. Кездесу әңгіме түрінде еркін атмосферада өтті. Шақырылған қонақ студенттермен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Іс-шараға шығыстану факультетінің 50-ге жуық студенті қатысты. Дәріс қызықты және танымдық болды. Тыңдаушылар қойылған сұрақтарға мазмұнды әрі толық жауаптар алды.

1 желтоқсанда 5-ші Корейтану апталығы аясында «Корё ильбо» республикалық корей газетінің бас редакторы Ким Константин Станиславович шығыстану факультетінің студенттері үшін «Коре ильбо газетінің тарихы призмасы арқылы коре сарам тағдыры» тақырыбында қонақ дәрісін оқыды. Кездесуге қонақпен бірге «Корё ильбо» газетінің қызметкерлері, шығыстану факультетінің 2023 жылғы түлектері Сон Диана мен Ким Александра қатысты.

Дәрісте студенттер жақында айтулы оқиға - 100 жылдық мерейтойды атап өткен "Коре ильбо" газеті туралы, Қиыр Шығыстан Орталық Азияға корейлердің қоныс аудару тарихы, Қазақстанның корей диаспорасының өмірінде газет қандай рөл атқарғаны және атқаруды жалғастыруы туралы, осы уақыт ішінде газет қалай өзгергені жайлы көптеген қызықты және танымдық фактілерді біле алды. Дәріс соңында студенттер шақырылған қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Ал біздің түлектеріміз Сон Диана мен Ким Александра газетте жұмыс істеуден алған әсерлерімен, қызықты кездесулермен бөлісіп, заманауи студенттерге пайдалы болатын қызықты ойларымен бөлісті.

 Дәріс соңында «Коре ильбо» газетінің редакциясынан шағын сыйлықтар ұтыс ойыны өткізілді, онда біздің студенттер өз білімдерін көрсетіп, естелік сыйлықтарға ие болды.

Печать