2025 жылдың 2-3 мамырында «Жастар және полиция: экстремизмнің және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу» атты Орта Азия жастарының форумы өтті. Оған «6В04201- Құқықтану» мамандығында оқитын Қақымжанқызы Әнел, Нисанбай Жансерік, Мұратова Құндыз, Қуанышбек Әсем, Ембергенова Гүлжанат және 2 курстан Сәрсен Нұрғиза мен Батырбек Асылзада есімді дарынды студенттер қатысты. Жетекшілік еткен "Халықаралық құқық" кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Н.С. Жетібаев.
Форумның бірінші күні Алатау ауданындағы қалалық коворкинг орталығында (Alatau Creative Hub) өтті. Қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Алматы қалалық полиция департаментінің, Германияның Қазақстан Республикасындағы консулдығының өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Шараның арнайы қонағы болып «Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу» GIZ аймақтық бағдарламасының жетекшісі Стефан Бухмайер келді.
Екінші күні Форум өз жұмысын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясының алаңында жалғастырды. Студенттер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жетекші мамандары өткізген «Заманауи жағдайдағы полиция қызметі. Полиция қызметінің моделі» және «Лудомания, киберқылмыс» тақырыптарында дәрістерге қатысты. Қатысушылар сонымен қатар танымал тұлғалармен, нақтырақ спортшылармен, әншілермен, театр және кино актерлерімен, блогерлермен тілдесуге мүмкіндік алды. Одан бөлек, студенттер Ішкі істер органдарында қолданылатын техникалық құралдар көрмесін тамашалап, кәсіби дайындықтан өтіп, «Шерлок Холмс мектебі» сот-сараптамалық полигоны мен «Антихакерлер мектебі» киберкеңістігінің жұмысымен танысты.
Жалпы, іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды және студенттерге кәсіптік бағдар беру, ой-өрісін кеңейту мен практикалық дағдыларын дамыту тұрғысынан құнды тәжірибе болды. Осы іс-шараның барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды.