Бүгін, 3 желтоқсанда, Аударма және филология факультеті Роман тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен роман тілдері бөлімінің студенттері мен оқытушылары белгілі жазушы, әрі зерттеуші Жалғасқали Дутмағанбетовпен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында Ж.Дутмағанбетовтың «1812: Guerre et Paix» (1812: Соғыс және Бейбітшілік) атты кітабы студенттердің назарына ұсынылды. Бұл кітапта 1812 жылғы француз-орыс соғысына қазақ халқының қатысуы туралы тың деректер тарихи дәлдікпен және көркем шеберлікпен баяндалған.
Кітап авторы Жалғасқали Дутмағанбетов кітаптың жазылу процесі, оның негізгі тақырыптары мен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызы туралы баяндады.
Кездесу барысында 1-4 курс студенттері автордың тарихи дереккөздермен жұмысы жайлы, көркемдік стилінің ерекшеліктері және кітаптың қазіргі аудитория үшін маңызы туралы сұрақтар қойып, белсенділік танытты. Сондай-ақ, бұл кездесуде мәдениеттердің өзара ықпалдастығы мен әдебиеттің жаһандық тарихи процестерді зерделеудегі рөліне ерекше назар аударылды.
Жалғасқали Дутмағанбетов студенттердің қызығушылығына алғыс білдіріп, шығармашылық кездесулер әдебиет арқылы тарихты терең түсінуге оқырманға ықпал ететінін атап өтті.
Жазушы Ж. Дутмағанбетовпен өткізілген кездесу Факультет үшін маңызды оқиғаға айналып, ұрпақтар арасындағы диалогтың және тарихи-мәдени мұраны зерттеудің өзектілігін көрсетті.